
Спорттық құзға өрмелеу: Мажарстанның Будапешт қаласында өткен спорттық құзға өрмелеуден олимпиадалық іріктеуде жерлесіміз Әмір Маймұратов финалдық кезеңде екінші орын алып, Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болды.
Брейкинг: Әмір Закиров брейкингтен Будапеште өткен іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша Париж ойындарына жолдама алды. Осылайша, Әмір аталған спорт түрінен Олимпиадада бақ сынайтын тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.
Пара жүзу: Рио-2016 Паралимпиадасының чемпионы Зульфия Габидуллина Париж-2024 Паралимпия ойындарына жолдама жеңіп алды. Зульфия Габидуллина ел тарихында 4-ші мәрте Паралимпиадада ел намысын қорғайтын болады.
Пара пауэрлифтинг: Грузияның Тбилиси қаласында өтіп жатқан пара пауэрлифтингтен Әлем кубогінің алғашқы күнінде Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі.
Садақ ату: Анталия (Түркия) қаласында садақ атудан өткен Әлем кубогінің үшінші кезеңінде блоктық сайыс бойынша аралас жұптық бәсекеде Андрей Тютюн мен Адель Жексенбинова чемпион атанды.
Шахмат: Алматыда ұйымдастырылған шахматтан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан спортшылары 25 медаль жеңіп алды.
Байдарка мен каноэде есу: Таиландтың Район аймағында байдарка мен каноэде есуден жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында ел спортшылары 30 медаль олжалады.
Теннис: Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды. Жерлесіміз финалда рейтингте 190-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичті 6:1, 7:6 (10:8) есебімен жеңді.