
ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігіне бағынысты ЖОО-ның 2020-2021 оқу жылына арналған қабылдау комиссиясы емтихандарды бастады.
Осынау маңызды іс-шараға байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пікір білдіріп, барша талапкерлерге сәттілік тіледі.
"Құрметті талапкерлер, бүгіннен бастап Мəдениет жəне спорт министрлігіне бағынысты жоғарғы оқу орындарында қабылдау емтихандары басталды.
Аталған ЖОО-ға талапкерлерді қабылдау ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен шыққан ережеге сай жүзеге асырылады.
Бакалавриатқа шығармашылық емтихан тапсыру үшін өтініш қабылдау талапкер таңдаған ЖОО-да 20 маусым мен 7 шілде аралығында жүргізілді.
Биыл əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты барлық талапкердің құжаттары веб-портал арқылы онлайн қабылданды.
Енді шығармашылық емтихандар да 8-13 шілде аралығында онлайн форматта өтеді.
Мəдениет жəне спорт министрлігі емтихан кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында əр ЖОО-да құжат қабылдау кезінде тиісті шараларды жүргізді.
Жоғарыда аталған ережеге сәйкес қабылдау комиссиясының құрамында ЖОО оқытушыларымен қатар БАҚ жəне қоғамдық ұйым өкілдері де болды.
Айта кетейік, «Өнер» жəне «Спорт» бағытындағы шығармашылық емтихан комиссиясының құрамына осы салаларға маманданған жəне мəдениет жəне спорт саласында жергілікті атқарушы орган ұсынған азаматтар кіреді.
Түлекті қабылдау я қабылдамау жайлы шешімді комиссия балл жүйесіне сүйене отырып, бірлесе қабылдайды.
Сонымен қоса «Мәдениет және спорт министрлігі – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері Министрлікке бағынысты барлық ЖОО-ның қабылдау жəне шығармашылық емтиханына қатысады. Сондай-ақ барлық емтихан кезінде бейнебақылау жүргізіліп, кейін ЖОО-ның сайтында жарияланады.
Құрметті талапкер, туризм және меймандостық саласында халықаралық деңгейде білім алғыңыз келсе, биыл Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Түркістан қаласында ашылған Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті Сіздерді күтеді.
Аталған ЖОО «Туризм», «Дене шынықтыру және спорт», «Қолөнер ісі», «Реставрациялау» мамандықтары бойынша оқуға шақырады. Ректор бұйрығына сәйкес студенттерді қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Еліміздің мəдениеті мен өнерін жандандыруға үлес қосқысы келетін барлық талапкерге ақ жол тілеймін! Осынау жауапты да маңызды сəтте сəттілік серіктеріңіз болсын!",-деп айтты Ақтоты Райымқұлова.