МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЩУЧЬЕ-БУРАБАЙ КУРОРТТЫҚ АЙМАҒЫНДАҒЫ ТҰМСА ТАБИҒАТ, ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕР БІЗДІҢ БІРЕГЕЙ БАЙЛЫҒЫМЫЗ ЕКЕНІН АТАП ӨТТІ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЩУЧЬЕ-БУРАБАЙ КУРОРТТЫҚ АЙМАҒЫНДАҒЫ ТҰМСА ТАБИҒАТ, ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕР БІЗДІҢ БІРЕГЕЙ БАЙЛЫҒЫМЫЗ ЕКЕНІН АТАП ӨТТІ

– Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс,– деді Мемлекет басшысы.

Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналасқан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттері жүктелді.

Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды.

– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын,– деді Президент.

 

 

* *

Жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көлік министрі Марат Қарабаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Accor қонақүйлер желісінің ТМД бойынша бас директоры Алексис Деларофф, Orient Finance Group компаниясының акционері Руслан Шаекин, PANA Group компаниясының тең құрылтайшысы Нұржан Ниязалиев, SkyWayTravel туристік компаниясының директоры Әсем Қозбағарова сөз сөйледі.

t.me/aqorda_resmi