
Стенд ату: Ұлттық құрама спортшысы Әсем Орынбай Париж Олимпиадасының жолдамасын алды. Скит бағдарламасында бақ сынайтын отандасымыз жаңартылған әлем рейтингінде 1-орнын сақтап, лицензияға қол жеткізді.
Ауыр атлетика: Перудің Лима қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Нұрдос Сабыр, Аянат Жұмағали және Ақжол Құрманбек үздіктер қатарынан көрінді.
Ерлер арасында 89 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрдос Сабыр қоссайыста 333 келіні, қыздар арасында 76 келіде бақ сынаған Аянат Жұмағали екі бағдарламада 222 келі зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанса, 67 келідегі Ақжол Құрманбек (285 кг) – күміс, 81 келідегі Сәния Орманбаева (201 кг) қола жүлдегер атанды.
Спорттық гимнастика: Болгарияның Варна қаласында өткен Challenger Cup турнирінде ел спортшылары үш медаль еншіледі. Ат жаттығуында – Нариман Құрбанов, еркін жаттығуда Дмитрий Патанин алтын жүлдеге қол жеткізсе, Салим Асанов еркін жаттығуда қола медаль еншіледі.
Индорхоккей: Қазақстан ерлер құрамасы Талдықорған қаласында өткен Азия кубогінде қола жүлдегер атанды. Жерлестеріміз 3-орын үшін болған сайыста Таиланд құрамасын 7:2 есебімен тізе бүктірді.
Теннис: Соня Жиенбаева мен Асылжан Арыстанбекова Италияның Санта-Кроче қаласында өткен ITF Juniors J300 турнирінің жұптық сынында топ жарды. Бұл – Соня мен Асылжанның бірге жеңіп алған екінші титулы.
Сондай-ақ теннистен әлемнің 242-ракеткасы Тимофей Скатов Аугсбургтегі (Германия) челленджер турнирінің чемпионы атанды.
Спорттық гимнастика: Өзбекстан астанасы – Ташкентте мәресіне жеткен спорттық гимнастикадан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында отандасымыз Аида Бауыржанова қола медаль жеңіп алды. Ол еркін жаттығуда 13.066 ұпай жинап, үздік үштікке енді.