
Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев балалардың жазғы демалысын және бос уақытын ұйымдастыру мақсатындағы іс-шаралар кешенін таныстырды.
Жазғы демалыс кезінде спорт және туризм салаларында 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы да жазғы демалыс кезінде жұмысын тоқтатпайды.
Министр жаз мезгілінде Президенттік сынақтар өтетінін айтты. Сонымен қатар киокушинкай каратэ, кикбоксинг, муайтай, грэпплинг, шахмат сияқты спорт түрлерінен чемпионаттар өткізіледі. Одан бөлек, футболдан және шағын футболдан да әуесқой командалар арасында чемпионаттар ұйымдастырылады. Оларға 7 жас санатында 2 000-нан астам бала мен жасөспірім қатысады.
«Бурабай-2024» республикалық жартас фестивалі аясында балалар маршруттары ұйымдастырылады. Сондай-ақ 300 бала мен жасөспірімнің қатысуымен «Ұлы дала жарысы» кедергілерді еңсеру сайысы өтеді.
Министр мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануға деген ынтасын арттыру мақсатында іс-шаралар өткізілетінін атап өтті. Мәселен, жазда өңірлерде жыл сайынғы «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының облыстық іріктеу жарыстары жалғасады.
«Бұл жобалар мен іс-шаралар балалар мен жасөспірімдерге жазғы демалысты әртүрлі өткізіп қана қоймай, ел мен әлем туралы білім көкжиегін кеңейтуге көмектесетініне сенімдімін. Біз жас ұрпаққа спортпен шұғылдануға, дамуға және нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беру үшін бар күшімізді саламыз», - деді Ермек Маржықпаев.
Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту және олардың саяхатына қатысты жобаларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
Балалардың демалыс базаларын жөндеу мен салудың инвестициялық белсенділігін арттыру мақсатында құрылыс шығынының 10%-не дейін өтемақы төлеу, туристік автобустарды сатып алу шығынының 25%-ін өтеу мүмкіндігін қамтитын мемлекеттік шаралар енгізілді.
Балаларға бағытталған мемлекеттік қолдаудың тағы бір іс-шарасы – Kids go free бағдарламасы. Кейінгі екі жылда 3400-ден астам бала тегін әуе саяхатын пайдаланды. Биыл 3 мың баланы қамту жоспарлануда.