
Дзюдо: Елорда татамиінде ұйымдастырылған дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 турнирінде Қазақстан құрамасының спортшылары бір алтын, үш қола медаль жеңіп алды. Өз елімізде өткен жарыста Ғалия Тынбаева (48 кг) алтыннан алқа тақса, Елдос Сметов (60 кг), Бақытжан Абдурахманов (73 кг) және Абылайхан Жұбаназар (81 кг) қола жүлдегер атанды.
Әуесқой бокс: Бокстан 22 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Астанадағы Азия чемпионатында 24 медаль (14 алтын, 9 күміс, 1 қола) еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Сонымен қатар жастар арасындағы сары құрлық біріншілігінде де отандастарымыз 11 алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды.
Маунтинбайк: Малайзияның Патраджайя қаласында өткен маунтинбайктан Азия чемпионатында ел спортшылары екі медаль жеңіп алды. Олимпиада бағдарламасына енетін кросс-кантри санатында Денис Сергиенко күміс жүлдегер атанса, дәл осы бағдарламада Қазақстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Каратэ: Өзбекстанның Самарқан қаласында ұйымдастырылған WKF каратэден Орталық Азия елдерінің чемпионатында отандастарымыз 39 алтын, 30 күміс, 47 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте топ бастады.
Джиу-джитсу: 17 жастағы қазақстандық спортшы Жібек Құлымбетова Абу-Дабиде өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Теннис: Григорий Ломакин Грузияның Тбилиси қаласындағы ITF турнирінің жұптық сынында чемпион атанды.