
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Олимпиадалық даярлау орталығының жұмысымен танысып, спортшылар, жаттықтырушылар штабымен кездесті.
Министр ең алдымен Юрий Мельниченко және Беласар Пернебектің жетекшілігімен жаттығып жатқан грек-рим мен еркін күрес шеберлерінің жаттығуына қатысты.
«Біздің білекті балуандарымыз жуырда ғана мәресіне жеткен халықаралық бәсекеде тәуір өнер көрсетіп, Париж Олимпиадасының еркін күрестен – 3, грек-рим күресінен 4 лицензиясын жеңіп алды. Енді балуандар үшін қазір өте маңызды кезең. Өйткені төрт жылдықтың басты додасына жақсы дайындықпен баруға тиіс», - деп атап өтті министр.
Қазіргі уақытта Олимпиадалық даярлау орталығында таэквондодан ұлттық құрама спортшылары оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Құрамында 32 спортшы бар команда 7 жаттықтырушының жетекшілігімен алдағы жарыстарға белсенді дайындалуда.
Сонымен қатар Ермек Маржықпаев жеке бағдарлама бойынша жаттығып жатқан спорттық гимнастикадан ұлттық құрама көшбасшыларымен кездесті. Бүгінгі таңда ел қоржынында спорттық гимнастика бойынша 3 лицензия бар. Ұлттық құраманың бас бапкері Надира Юнусова Олимпия ойындары алдында спортшылардың дайындығы жоғары деңгейде екенін айтты.
Кездесу барысында министр барлық жаттықтырушы мен медициналық персоналдың басты міндеті – спортшыларды Олимпиадаға физикалық және психологиялық тұрғыда сапалы дайындау екенін мәлімдеді.
Гимнасттардың жаттығуынан кейін министр семсерлесуден Грузиядағы Әлем кубогінде жеңімпаз атанған спортшыларды құттықтап, естелік сыйлық табыс етті. Министрдің қолынан Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерік Сертай, Вадим Чарлаймо алғыс хаттар алды.
Естеріңізге сала кетейік, семсерлесуден ерлер құрамасы Грузиядағы Әлем кубогінде тарихи нәтижеге қол жеткізген болатын. Турнир қорытындысы бойынша 3 отандасымыз жекелей сайыста Олимпиада жүлдесіне таласуға мүмкіндік алған-ды.