Ақтоты Райымқұлова онлайн режимде байқау жеңімпаздарын марапаттайды

Ақтоты Райымқұлова онлайн режимде байқау жеңімпаздарын марапаттайды

Ертең Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Мемлекеттік тіл және БАҚ-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарын онлайн режимінде марапаттайды.

Қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистердің дәстүрлі додасын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын ұйымдастырып келеді.

Байқау Ережесінің талаптарына сәйкес, ұсынылған журналистік еңбектердің мазмұны – мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталуы шарт. 

Жеңімпаздар «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша марапатталады.

Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 56 журналист қатысып, 116 материал талқыға түсіп отыр. 

Атап айтқанда:

  1. «Үздік мақала» аталымы бойынша қатысушылар саны – 24, материалдар саны – 49;
  2. «Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша қатысушылар саны – 12, материалдар саны – 25;
  3. «Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша қатысушылар саны – 11, материалдар саны – 23;
  4. «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша қатысушылар саны – 9, материалдар саны – 19.

Елімізге белгілі қалам қайраткерлері мен танымал журналистерден құрылған Қазылар алқасының жақында өткен отырыста қызу талқылаудан кейін қабылдаған ортақ шешімі ертең салтанатты түрде жария болады.

Марапаттау рәсімін төмендегі сілтеме бойынша тікелей эфир арқылы көре аласыздар: https://us02web.zoom.us/j/8440048030

Идентификатор нөмері: 844 004 8030 (қажет болған жағдайда)