
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құмар ойындар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылға арналған заңнамалық жұмыс жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құмар ойындар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын (бұдан әрі - Заң) әзірлеген болатын.
Заң жобасының мақсаты - букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар қызметін реттеу мен бақылауды жақсарту, ойынға және ставкаға тәуелді азаматтардың санын азайту.
Құмар ойындар саласы Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 қаңтардағы «Құмар ойындар туралы» Заңымен (бұдан әрі - Заң) реттеледі. Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ойын бизнесі саласында келесі қызмет түрлері бар: 1) казино; 2) ойын автоматтары; 3) букмекерлік кеңсе; 4) лотереялар.
Заң жобасында келесі өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған:
1.Жеке жазбаша өтініш беру арқылы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге құмар ойындар мен ставкаларға қатысудан өзін-өзі шектеу тетігін енгізу, сондай-ақ «лудоманияның» мүмкіндіктерін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жақын туыстарының, отбасы мүшелерінің өтініш беру мүмкіндігін енгізу.
2.Құмар ойындар саласындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптарды күшейту, атап айтқанда:
1) барлық ставкаларды және букмекерлер мен тотализаторлардың айналымы туралы ақпаратты есепке алу үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру.
2) Қазақстан бойынша букмекерлер мен тотализаторлардың (букмекерлік және (немесе) тотализаторлар кассаларының) Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы жағалауына және Ақмола облысының Бурабай ауданына орнын ауыстыру,
3) букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға ставкалар жасауға арналған жабдықты (механикалық, электрлік, электрондық немесе басқа техникалық құралдарды) пайдалануға тыйым салу.
3. Есепке алу орталығын жүргізу, сондай-ақ ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа тұлғаларға беру ережелерін бекіту бойынша уәкілетті органның құзыретін енгізу.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі мен Азаматтық іс жүргізу кодексіне, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы», «Байланыс туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Заң жобасы Мәжілістегі жұмыс тобының 12 отырысында талқыланды, онда депутаттар 150-ден астам түзету енгізді. Оның ішінде 80 түзету бойынша тұжырымдамалық түзетулер ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Президент Әкімшілігінің оң қорытындысы алынды. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары ұсынған бірқатар түзетулерді мемлекеттік органдар қолдайтынын білдірді.
Айта кетейік, Заң жобасы екінші оқылымда Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан қолдау тауып, 2020 жылы 1 маусымда Парламент Сенатына ұсынылған болатын.
Заң жобасы бойынша Сенаттың жұмыс топтары 12 отырыс өткізген.