
Елордада Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға министр Ермек Маржықпаев, Қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент сенатының депутаты Бекболат Орынбеков және Қоғамдық кеңестің өзге де мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, халық арасында лудоманияға қарсы іс-қимыл, құмар ойынға деген тәуелділікті төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар және Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу туралы мәселелер тұрды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу биылғы жылдың басым міндеттерінің бірі. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі 29 наурызда Бейжіңде ұйымдастырылған болатын. Жыл соңына дейін еліміздің туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Туризм және спорт министрі министрлік қызметінің бағыттары бойынша елімізде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындардың саны былтыр 510 582 адамға артып, 8 097 026 адамға жеткенін айтты. Яғни, ел тұрғындарының 40,4 пайызы саламатты өмір салтын ұстанады. Оның ішінде 3 млн-нан астамы ауылдық жерлерде спортпен айналысатынын атап өтті. Сонымен қатар 984 мың бала мен жасөспірім (27,3 пайыз) спортпен қамтылған. Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 9,6 млн адамға жеткен. Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген шетелдік туристер саны 157 мың адамға артып, шамамен 1,1 млн адамды құрады. Өсім – 17%.
«Маңызды міндеттердің бірі – заңнамалық базаны жетілдіру. Министрлік депутаттық корпуспен бірлесіп, дене шынықтыру және спорт, туризм, ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері бойынша заң жобаларын жетілдіріп жатыр, жаңа заң жобасын қабылдау келесі жылға жоспарланған», - деді Ермек Маржықпаев.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, қолданыстағы заңға 163 түзету көзделген. Іс-шараға қатысушылар олардың ішіндегі ең негізгілерін талқылады. Атап айтар болсақ, спорт түрлеріне басымдық беру, спорттың бір түрі бойынша тек бір федерацияны тану мақсатында спорт саласындағы басқару институттарының өзара іс-қимылын қайта қарау, спорт резервін даярлауды жетілдіру, сондай-ақ спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарын әзірлеу және бекіту, спорттық медицинаны дамыту, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға қаражатты қайта бағдарлау мақсатында кәсіби спорт клубтарын ұстауға арналған лимиттерді бекіту.
Сонымен қатар талқылауда заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ лудоманияның алдын алуға бағытталған заңнамалық түзетулер қаралды. Мәселен, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салу, борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі адамдардың құмар ойындары мен бәс тігулеріне қатысуға тыйым салу, 21 жасқа дейінгі және өзін-өзі шектеген адамдарды құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тарту, интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, ойын бизнесін ұйымдастырушы тараптың жұмыс үлгісі қағидаларын бекіту, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау объектілерінде лотерея терминалдарын орналастыруға тыйым салу, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдерді жүзеге асыру бойынша қызмет көрсетуге тыйым салу, Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіне букмекерлердің аппараттық-бағдарламалық кешендерін интеграциялау.