
Бүгін Шымкентте Олимпиадаға дайындық Штабының өкілдері көркем гимнастикадан Ұлттық құраманың жаттығу жиынына қатысты. Команда үздігі Элжана Таниева Әлем кубогында бағын сынау үшін кешке Болгария астанасы Софияға жол жүреді.
Ал екінші гимнастшымыз Айбота Ертайқызы София қаласында өткен халықаралық турнирден оралды. Өкінішке қарай турнир барысында жарақат алған Айбота жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Алда лицензиялық Азия чемпионаты.
1-4 мамыр аралығында Ташкентте Парижге берілетін бір жолдама сарапқа салынады.
«Басты қарсыластарымыз Жапон мен Қытай спортшылары. Бұл додаға Элжана мен Айбота да қатысады. Үмітіміз зор. Олимпиадалық жолдама үшін аянбаймыз», - деді бас бапкер Әлия Юсупова.
Айта кетейік, Әлия Юсупова Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы сонымен қатар еліміздің гимнастика федерациясының басшысы.