
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев Олимпиадаға дайындық жөніндегі штабта ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен, министрлікке қарасты мекемелердің және БАҚ өкілдерімен кездесіп, биыл Франция астанасы – Парижде өтетін Олимпия ойындарына дайындық барысын талқылады.
Қазіргі уақытта ел қоржынында спорттың 9 түрінен 23 спортшы 25 жолдамаға ие. Атап айтар болсақ, садақ атудан – 4, тас жолдағы велоспорттан – 3, нысана көздеуден – 5, қазіргі бессайыстан – 2, бокстан – 7, грек-рим күресінен – 1, еркін күрестен – 1, спорттық гимнастикадан – 1, таеквандодан 1 жолдама бар.
Жолдама алған барлық спортшы керекті медикаменттермен, дәрігер-массажистермен қамтамасыз етілді. Психолог, нутрицологтар спортшылармен етене жұмыс істеп жатыр. Париж-2024 Олимпиадасына лицензиялық және рейтингтік турнирлер 1 ай қалғанда аяқталады. Алда әлі 63 лицензиялық және рейтингтік турнир бар. Мақсат – 20-25 спорт түрінен 80-ге жуық лицензия иелену.