
"Бокстан Италияда өткен лицензиялық турнирде ерлер құрамасы 5 лицензия иеленіп, жоспарды минималды түрде орындады. Бізде 7 олимпиадалық салмақ бойынша қоржынымызда 6 жолдама бар.
Енді бапкерлік штабының алдында министрлік пен бокс федерациясымен бірге қалған лицензияны Таиландта өтетін турнирде алуға барын салады. Мен ерлер құрамасы барлық салмақта Олимпиадада өнер көрсететіне сенімдімін.
Жолдама алу — шаруаның жартысы ғана. Әрине, бұл еңбек. Алайда басты жарыс 4 айдан кейін басталады. Олимпиада — 205 елден ең мықты спортшылар сынға түсетін дода. Оңай болмайды. Ендігі басты мақсат — отандық атлеттердің Олимпиада кезінде спорттық қалыптарының жоғарғы деңгейінде болуы. Олар жазға дейін көптеген халықаралық турнирлерге қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Бұнымен жұмыс жасау керек.
Ал Италиядағы дода өкінішке қарай, әйелдер құрамасындағы барлық мәселені көрсетіп берді. Біздің қыздарға функционалдық және физикалық дайындық жетіспейді. Тағы бір мәселе — қосалқы құрамның аздығы. Лайықты ізбасарлар жоқ. Бұл біздің де олқылығымыз. Сондықтан үлкен сараптама жүргізіп, қателіктермен жұмыс істелуі қажет.
Таиландтағы турнирге іріктеу қатаң түрде өтеді. Міндет — әйелдерде 3-4 лицензияға қол жеткізу. Сондықтан жағдайды дұрыс бағамдап, эмоцияға берілмеуіміз қажет. Таиландтағы және ең бастысы Париждегі жарыстың дайындығына толық кірісуіміз керек.
Бокс — еліміздегі бірінші нөмірлі спорт түрі. Біз боксшыларымызға сенім артып, Олимпиаданың жүлдесінен үміттенеміз.
Алда 63 лицензиялық және рейтингтік турнирлер бар. Мақсат — 20-25 спорт түрінен 80-ге жуық лицензия иелену.
Қытайда таэквондодан турнир өтіп жатыр. Бүгін 17 жастағы Батырхан Төлеуғали Олимпиада лицензиясына қол жеткізді. Барлықтарыңызды құттықтаймын!
18-21 сәуір аралығында Бішкекте балуандарымыз 3 түрлі сайыста Олимпиада жолдамасына таласады. Сондықтан Министрлікке, спорт федерациялары мен барлық бапкерлік штабқа тынымсыз еңбектену керек. Уақыт өте аз қалды. Біз Париж төрінде абыроймен өнер көрсетуге тиіспіз"-деп жазды министр Telegram арнасында.