
Киберспорт: Татарстанның Қазан қаласында өткен «Болашақтың ойындары» турнирінде еліміздің XGod командасы «Counter-Strike 2 + лазертаг» жарысында топ жарды. Отандасымыз Сүлеймен Оразалы жарыстың үздік ойыншысы атанды.
Cу спорты: Филиппиннің Нью-Кларк-Сити қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен XI Азия чемпионатында отандық жүзушілер тарихи нәтиже көрсетті. Төрт жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 20 алтын, 11 күміс, 5 қола жүлде бар. Бұл нәтиже отандық құрамаға Жапониядан кейін командалық есепте екінші орын алуға мүмкіндік берді (36 алтын, 20 күміс, 15 қола). Сондай-ақ қазақстандық жүзушілер Азия чемпионатының 14 рекордын және Қазақстанның 3 рекордын орнатты.
Сонымен қатар суға секіру сайысында Диана Жұмағұлова төрт медаль олжалады. Отандасымыз Анабелла Кочкинамен бірге жұптық сайыста алтын және күміс жүлдеге қол жеткізсе, жекелей сында бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Ал көркем жүзуде Қазақстан құрамасы (13-15 жас) аралас топтық сайыста чемпион атанды.
Дзюдо: Әбиба Абужақынова (48 кг) Өзбекстан астанасы Ташкентте мәресіне жеткен «Үлкен дулыға» санатындағы бәсекеде күміс жүлдегер атанды. Әбиба финалда Сабина Гилиязовадан жеңіліп қалды. Бұл салмақтағы қола жүлде Тара Бабулфат пен Тугче Бедерге (Түркия) бұйырды.
Нысана көздеу: Шымкент қаласында ұйымдастырылған нысана көздеуден «Алтын мерген» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте топ жарды. Жерлестеріміз 17 алтын, 13 күміс пен 13 қола медаль жеңіп алды. Екінші сатыға Беларусь құрамасы (6 алтын, 10 күміс, 10 қола) жайғасса, үздік үштікті Қырғызстан түйіндеді (1 алтын, 2 күміс, 2 қола).
Баскетбол: Қазақстан ерлер құрамасы Азия Кубогінің іріктеу кезеңінде түзде Қатар құрамасынан басым түсті. Аса тартысты өткен матчтың есебі – 68:73 (12:19, 25:14, 13:15, 18:25). Осы жеңістен кейін Қазақстан Иранмен бірге Е тобында көш бастады.
Велоспорт: Үндістан астанасы Делиде өткен велотректен ересектер арасындағы 43-ші Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Жарыстың шешуші жарыс күні Кирилл Курдиди үздік үштікті түйіндеді. Ол Олимпиада бағдарламасына кірмейтін классикалық гит жарысында қола жүлдегер атанды.
Стенд ату: Қатардағы «Әмір Гран-приі» халықаралық турнирінде қазақстандық спортшылар үздіктер қатарынан көрінді. Қазақстан құрамасы бұл жарыста бір күміс, екі қола жүлде еншіледі. «Трап» бағдарламасы бойынша өткен жекелей сында Мария Дмитриенко күміс медаль иеленсе, жасөспірімдер арасындағы бәсекеде Никита Моисеев пен Анита Нұрланова қола жүлдегер атанды.
Теннис: Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Гургаон (Үндістан) ITF турнирінің жеңімпазы атанды. Үндістандық Анкита Раинамен бірге финалда швециялық Жаклин Кабай Авад пен литвалық Юстина Микульскитеден 6:4, 6:2 есебімен басым түсті.