Ілеспе аударма жүргізуді үйрету курсы өтті

Ілеспе аударма жүргізуді үйрету курсы өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында қазақ тілінен ағылшын, ағылшын тілінен қазақ тіліне ілеспе аударма жүргізуді үйрету курсын өткізді.

Курс барысында аударма теориясы, жазбаша аударма мен ауызша аударманың ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық үлгілері, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәрістер оқылды.

Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасы, аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма саласындағы ғалым мамандар озық тәжірибесімен бөлісті.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарының сала мамандары қатысқан курсты Л.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті аударма теориясы мен практикасы кафедрасының доценті, PhD докторы Ақнұр Төлеубаева жүргізді.

«Бұрын ілеспе аударманың практикалық жағымен ғана ұшырасушы едім. Күнделікті тәжірибедегі машығыңды теориялық біліммен толықтыру, психологиялық дайындық сияқты мәселелердің қыр-сырына үңілу өте қызықты болды. Қызмет бабында кәдеге асатын көп дүние алдық»,-деді курсты тыңдаушы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әбілқайыр Болатбаев.

Іс-шара соңына қарай Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Әлібек Асқар бұған дейін қазақ-орыс, орыс-қазақ тілдеріне аударушыларға арналған курстар өтсе, енді, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында тұңғыш рет қазақ-ағылшын ағылшын-қазақ тілдері мамандарына арналған курс ұйымдастырылғанын айта келе, қатысушыларға біліктілік сертификатын табыстады.