ХОККЕЙДЕН (3×3) ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ – КАНВОН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

ХОККЕЙДЕН (3×3) ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ – КАНВОН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Хоккейден (3×3) ұлттық құрама ойыншылары жарыстың қола жүлдесі үшін өткен матчта Аустрия хоккейшілерімен шеберлік байқасып, 6:5 (4:1, 1:2, 1:2) есебімен біздің өрендер басым түсті. Осылайша, жерлестеріміз Канвон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Қазақстан мен Аустрия құрамалары бірнеше күн бұрын топтық кезеңде ойнап, аса тартысты кездесу 8:9 есебімен Еуропадан келген команданың пайдасына аяқталған еді.

Канвондағы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына келген Ұлттық құрама: Темірлан Айболұлы, Бексұлтан Мақыш, Арсений Кучковский, Әділхан Саттар, Никита Кулаков, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Арман Төлен, Жахангир Тілеухан, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров, Әнуар Ахметжанов.

«Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасы бел ортасына жеткенде жерлестеріміз ел қоржынына үшінші жүлдені салды. Бұл жолы 3х3 хоккейден Қазақстан құрамасы тұғыр биігінен көрініп отыр. Отандастарымыз қола жүлде үшін өткен тартысты бәсекеде Аустрия құрамасын тізе бүктіріп, Олимпиада жүлдегері атанды. Ел намысы үшін сынға түсіп, қазақ халқын қуаныш пен шаттыққа бөлеген жас хоккейшілерімізді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын», - деді Ермек Маржықпаев.

Бұл – Қазақстан делегациясының қоржынына түскен үшінші медаль. Осыған дейін Канвонда шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных алтыннан алқа тақса, шорт-трекші Полина Омельчук 1000 метрге жарыста үздік үштікті түйіндеді. Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 14-сатыға көтерілді.