
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдында есеп беру кездесуі өтті.
Жиында министр əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175, Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында өткізілетін іс-шаралар туралы айтты.
«Биыл ақын, əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175, Шығыстың ғұлама ойшылы Əбу Насыр Əл-Фарабидің 1150 жылдығын кең көлемде атап өтеміз.
21 қаңтарда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында халқымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуы рәсімі өтті.
Мерейтойды ұйымдастыру бойынша Мəдениет жəне спорт министрлігі кешенді республикалық жоспар жасап, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Қазір Жидебайдағы Абай музейі мен «Абай-Шəкəрім» мемориалды кешенінде ғылыми-рестоврация жұмыстары жүріп жатыр. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейін жандандыру бойынша дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Жалпы 18 нысанда жұмыс жүріп тұр.
Кемеңгер ақын шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында еңбектері əлемнің 8 тіліне аударылады. Чехия астанасы Прагада Абай мəдени-ақпарат орталығы ашылып, Братислава, Будапешт, Берлин қаласында Абай оқулары, көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Биыл қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пəтерінде Абай мерейтойының халықаралық таныстырылуы өтеді.
Ал ғұлама ойшыл Əл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында Отырарда солтүстік қақпа, қорған қабырғасы, мешіттер, тұрғын үй кешендерінің рестоврация жұмыстары басталды. Ғұлама шығармалары 3 тілде 7 том болып жарық көрсе, Əл-Фараби атындағы экспозиция залы ашылады деп жоспарланып отыр. Қыркүйекте «Ұстаздың оралуы» атты деректі фильмнің премьерасы өтеді»,- деді министр.