«Бала дауысының» бесінші маусымының финалына қатысушылар анықталды

«Бала дауысының» бесінші маусымының финалына қатысушылар анықталды

26 наурыз бен 15 мамыр аралығында «Бала дауысы» Ұлттық балалар ән байқауының бесінші маусымының қашықтан іріктеу кезеңі өткен болатын. Байқауды ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы биыл өтінімдердің рекордтық көлемін қарастырды. Олардың мәлімдеуінше осы жылы еліміздің түпкір түпкірінен 8 жас пен 12 жас аралығындағы 4 135 бала  сайысқа қатысқан.

Әлемнің әр алуан тілінде орындалған әндер, әжелердің, аталардың, аналар мен әкелердің, вокалдан дәріс беруші педагогтардың, бауырлар мен әпкелердің қатысуымен өткен қойылымдар, арнайы тігілген костюмдер мен үй жағдайында жасалған мейкап, биылғы бейне өтінімдер және т.б таңғажайып оқиғалар ұйымдастырушыларды қуанышқа бөлеп, таңғалдырды. Соған қарамастан кәсіби қазылар алқасының мүшелері өз жұмысын мүлтіксіз атқарып, ең мықты орындаушыларды іріктеді.

«Егер қатаң талаптар енгізілмегенде, балаларды түгел қуана-қуана финалға шақыратын едік. Біз әрбір бейне түсірілімді өте мұқият тыңдап, балалардың дауыс екпініне, ырғақты сезіну қабілетіне, әдемі әуезіне, музыкалық бейімінің тұрақтылығы мен тереңдігіне, әртістік қабілетіне барынша көңіл бөліп, белгілеп отырдық. Өйткені оларға жақында авторлық әндерді және әлемдік хиттерді тікелей телевизиялық эфир арқылы жанды дауыспен орындау қажет болады, ал бұл оңай міндет емес», - деді байқаудың музыкалық продюсері Фарида Ниязова.

Шындығында, ең кішкентай әртістерімізге «Бала дауысы» байқауының финалдық бөліміне өту – ұмытылмайтын оқиға. Бұл жаңа дос табудың, өз шығармашылық қабілетін тексеріп, дамытудың, ата-аналарын, педагогтарын қуантудың және миллиондаған телекөрерменнің алдында өз өңірін лайықты танытудың керемет мүмкіндігі. Осыншама қатысушының ішінен ең дарындыларын таңдау оңай болған жоқ. Дегенмен қазылар алқасының мүшелері бесінші маусымның финалына өткен 20 қатысушының есімін атады. Олар:

  1. Біржанова Дәмелі
  2. Тамабаева Діләра
  3. Жұмабай Әбілқайыр
  4. Әмірасланов Руслан
  5. Табарина Екатерина
  6. Акулов Айдар
  7. Диханбаев Едіге
  8. Кузмина Олеся
  9. Тұрғали Әлижан
  10. Ғазизжанұлы Бекмұхамед
  11. Қасеньаева Лиана
  12. Қабиболла Әлихан
  13. Тян Тимур
  14. Саакян Армен
  15. Қимағанбет Айару
  16. Шалхарбай Бекзат
  17. Цечоева Лейла
  18. Суратаев Елдар
  19. Асылбек Аяужан
  20. Нұрмахан Жайна

Жеңіске жеткен өнерпаздар туралы толық ақпаратты www.baladauysy.kz сайтынан оқып білуге болады.

Енді жас орындаушыларды 5 айлық күрделі дайындық күтіп тұр. Олар режиссерлермен, композиторлармен, стилисттермен, хореографтармен жұмысістейді. Фото-сессияларға қатысып, көптеген сұхбаттар береді.

29 - 31 қазан аралығында Республика сарайының сахнасында бүлдіршіндеріміз өз шеберліктерін көрсетеді. Нәтижесінде біз байқаудың бесінші, мерейтойлық маусымының жеңімпаздары мен лауреаттарының есімдерін білетін боламыз.

Айта кетейік, іріктеу кезеңіне қатысқан балалар «Бала дауысы» байқауының ұйымдастырушылары - Мәдениет және спорт министрлігі, Тұңғыш Президент-Елбасы қоры және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры дайындаған сыйлықтарды, атаулы дипломдарды, сәнді бейсболкалар мен фирмалық эко-сөмкелерді сыйлыққа алады.