
Футзал: Футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы топтық сайыстың соңғы матчында Румыниямен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, іріктеу ойындарының барлығында жеңіске жетіп, ұпайдан шашау шығармаған Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орынды иеленді. Өткен турда Кака шәкірттері келер жылы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына мерзімінен бұрын жолдамаға ие болған еді.
Семсерлесу: Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Орталық Азия чемпионатында үш жерлесіміз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, қыздар арасындағы рапирамен семсерлесу сайысында Інжу Сатымбек алтын медаль жеңіп алса, дәл осы бәсекенің ұлдар арасындағы сында Әбдіхан Махамбет күміс, Сұлтан Хайрулла қола жүлдегер атанды.
Теннис: Әлемнің 458-ракеткасы Дмитрий Попко Түркияның Анталия қаласында мәресіне жеткен ITF турнирінде топ жарды. Осы жарыстың бірінші ракеткасы ретінде тіркелген жерлесіміз финалда дүниежүзілік рейтингте 743-сатыда тұрған испаниялық Макс Алкала Гурриден екі сетте 6:4, 7:5 есебімен басым түсті.
Әуесқой бокс: Қарағандыда бокстан әйгілі жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнир аяқталды. Әлемнің бірнеше елінен келген былғары қолғап шеберлері бес күн бойы 13 салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтады. Бұл жарыста сегіз отандасымыз алтын медаль олжалады. Атап айтқанда, Теміртас Жүсіпов (48 кг), Кәрім Серкебаев (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Талғат Сырымбет (60 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг), Еркебұлан Әкімбай (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және аса ауыр салмақта Аманат Сабырғали тұғыр биігіне көтерілді.
Дзюдо: Алматыда дзюдодан ерлер арасындағы командалық Jenys Cup турнирі өтті. Халықаралық жарыста қазақстандық Jenys клубының атынан татамиге шыққан спортшылар бәсекенің қола жүлдесін жеңіп алды. Бас жүлдені Shevardeni клубы олжаласа, Hoji Sharif күміс жүлдеге қол жеткізді.