
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков туризм саласын мемлекеттік қолдау және Қазақстанда ішкі туризмді дамыту шаралары туралы баяндады.
-Қазір өңірлердегі жобалық кеңселердің ұсынысын ескеріп, министрлік пен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жалпы құны 1,62 трлн. теңге болатын 140 инвестициялық жобаның кеңейтілген тізімін жасады.
Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігі мен Эколгия министрлігі бірлесіп, ұлттық табиғи парктерде туризмді дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр. Мәселен, «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде конкурс қорытындысы бойынша 17,3 млрд, теңге инвестиция тартылды. Парк аумағында 7 сапар орталығы, 156 км жаяу жүргінші жолы, 2000 көлікке арналған тұрақ салынады. Қазір экотуризмді дамыту мақсатында «Алтынемел», «Көлсай көлдері» мен Шарын шатқалына инвестор тарту ісімен айналысып жатырмыз.
Сондай-ақ Сыртқы істер, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық Қауіпсіздік комитетімен бірлесе жұмыс істеп, көші-қон, виза заңнамасын либерализациялау бойынша жұмыс жүргіздік.
2019 жылы Е-виза жүйесі сәтті енгізіліп, Төтенше жағдайға дейін 33,5 мың азамат электронды виза алды. Қазақстан азаматтары визасыз бара алатын елдер саны 61-ден 73-ке артты. Осы орайда туризм саласының дамуына серпін беретін «Tax free», «Open Sky» қанатқақты жобасын айта аламыз,-деді.