
Нысана көздеу: Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында ұйымдастырылған нысана көздеу және стенд атудан лицензиялық Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары өнер көрсетіп, 33 медаль, оның ішінде 8 алтын, 11 күміс және 14 қола жүлде (нысана көздеу – 7-7-9; стенд ату – 1-5-4) жеңіп алды. Жарысқа сары құрлықтың 32 елінен келген 800-ден аса мерген қатысты.
Әуесқой бокс: Елордада ұйымдастырылған бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында отандастарымыз 15 алтын, 11 күміс және 15 қола медаль олжалады. Астанадағы былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде 400-ден аса жас дарынды боксшы жұдырықтасты.
Велоспорт: Үндістанның Керала қаласында өткен маунтинбайктан Азия біріншілігінде ел спортшылары екі жүлдеге ие болды. Кросс-кантриден (олимпик) 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасында Егор Карасев чемпион атанды. Оның уақыт көрсеткіші – 1:21:27.650 секунд (3,5 шақырымнан 6 айналым). Сондай-ақ кросс-кантри эстафетасында Алмас Сағындықов, Денис Сергиенко, Егор Карасев, Алексей Фефелов, Алина Саркулова қола жүлдеге қол жеткізді.
Жауынгерлік өнер: Сауд Арабиясының бас шаһары – Эр-Риядта алауы тұтанған V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында Қазақстан делегациясы 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 3-орыннан көрінді. Екі аптаға жуық жалғасқан додаға 16 спорт түрінен 1500-ден астам атлет қатысып, 954 медальді өзара сарапқа салды.
Теннис: Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Тунистің Монастир қаласында өткен ITF W25 турнирінің жұптық бәсекесінде үздік шықты. Жерлесіміз Африка құрлығындағы жарыста қытайлық Гао Синьюймен жұп құрап, финалда Алена Фалей (Беларусь) – Полина Яценко (Ресей) жұбынан үш сетте – 6:0, 2:6, 10:7 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ ерлер арасындағы әлемдік рейтингте 247-сатыда тұрған Бейбіт Жұқаев АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласында мәресіне жеткен «Челленджер» турнирінің чемпионы атанды. Ол финалда дүниежүзілік рейтингте 376-орында тұрған америкалық Эйдан Мейоны екі сетте – 6:3, 6:4 есебімен қапы қалдырды. Осы жеңісінің арқасында отандасымыз ТОП 200 теннисшінің қатарына қосылып (195-орын), Қазақстанның екінші ракеткасына айналды.
Үстел теннисі: Кирилл Герасименко Словенияның Оточец қаласында өткен WTT Feeder Otocec 2023 халықаралық үстел теннисі турнирінің жеңімпазы атанды.