Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлеріне арналған онлайн-дәріс өтті

Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлеріне арналған онлайн-дәріс өтті

Бүгін  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйрету әдістемесі: теория және тәжірибе» атты  екі онлайн-дәріс өтті.     

Алғашқы дәрісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Ербол Тілешов «Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері» тақырыбында оқыды. Ол қазақ тілін жүйесіз оқыту, лексикалық минимумның дұрыс анықталмауы  тіл үйренуде қиындық тудыратыны және осы  мәселелерді шешу үшін шетел тәжірибесіне сүйену керектігін баяндады. Атап айтқанда, Ч.К.Огденнің «Dictionary of Basic English», А.В. Петроченковтің «Ағылшын тілінің негізгі 135 сөзі», Эрих Вайстың сөздігі ағылшын тілін үйретуде негіз болатынын дәлелдеп айтып берді.

«Қазақ тілінің қолданбалы грамматикасының әдістемесі» атты екінші дәрісті филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры Зейнехан Күзекова оқыды. З. Күзекованың пікірінше, тілдік білім, тілдік мәдениет, бүгінгі таңда тілді оқытуға жаңаша қарауды талап етеді.   Қазақ тілін оқыту мазмұнын пәндік, процессуалдық, тіл біліміндегі құрылымдық, құрылымдық-семантикалық, функционалдық аспектілері тұрғысынан қарастырып, лексикалық бірліктерді үйретуге құрылған жаттығу түрлерімен тыңдаушыларды таныстырды.  

Zoom сервисі негізінде өткен онлайн-дәріске 71 тіл маманы қатысты. Сондай-ақ дәрісті Фейсбук  желісіндегі ONLINEda bol  парақшасы арқылы  23 адам тыңдады.