ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ МЕН ЖАҢА БАСТАМАЛАР: ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ ОКҚ АЛАҢЫНДА БРИФИНГКЕ ҚАТЫСТЫ

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ МЕН ЖАҢА БАСТАМАЛАР: ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ ОКҚ АЛАҢЫНДА БРИФИНГКЕ ҚАТЫСТЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев еліміздегі туристік саланың қазіргі жағдайы туралы айтты. Алғашқы алты айда ішкі туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 400 мыңға көбейіп, 3,1 млн туристті құрады, ал дәл сол кезеңде шетелдік туристер саны екі есеге өсіп, 516 мың турист елімізде саяхаттаған.

Вице-министр өткен жылы қабылданған қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша аралық қорытындыларды жария етті. Атап айтқанда, балалар турпакеттер құрамында тегін ұшатын Kids go free бағдарламасы бойынша 9 айда 1800 бала тегін ұшып, 800 қазақстандық отбасы ел ішінде демалуға 80 млн теңге үнемдеген.  Министрліктің жоспарында бағдарламаның қолданысын балалар лагерлеріне, кэмпингтеріне және басқа да демалыс орындарына баратын балалардың ұйымдасқан топтарына кеңейту көзделген.

Сонымен қатар, Ержан Еркінбаев туризмді дамыту үшін қажетті жаңа іс-шараларды дамыту жөніндегі тетіктермен бөлісті. Олар, туристік «Кэш Бэк» енгізу, әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде инфрақұрылым құру бойынша құзыреттер беру, туристік жобаларды жеңілдікпен кредиттеу мерзімдерін 10 жылға дейін ұлғайту, туристік брендті осы жылдың соңына дейін бекіту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде туризм объектілерін салуға рұқсат беру, гидтердің қызметін цифрландыру және орналастыру орындарын жіктеу жүйесін жетілдіру сияқты жоспарлар.

«Туристер санының өсуі турбизнес үшін табыс.  Жарты жылдың қорытындысы бойынша қонақ үйлер 100 млрд теңге пайда тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд-қа артық. Турбизнес дамыса, салық та көп түседі. Биылдың қорытындысы бойынша туризмнен 400 млрд теңге салық түседі деп жоспарлап отырмыз», - деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Сөз соңында вице-министр еліміздің халықаралық аренада танылуы бойынша жетістіктерін атап өтті. Таяуда Алматы облысының Саты ауылы «Үздік туристік ауыл» номинациясы бойынша халықаралық туристік  ұйымының нұсқасы бойынша үздік деп танылғанын хабарлады.