
«Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал Ханеф Х. Алкахтани мырзамен кездестім. Кездесу барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық.
Сауд Арабиясы азаматтары Қазақстанның тұмса табиғатын, көрікті жерлерін өздері келіп көруіне мүмкіндік тудыру үшін, екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін беру мақсатында осы елдің БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер мен туристік компаниялары өкілдеріне инфотур ұйымдастыруды ұсындым. Өз кезегінде Файсал Ханеф Х.Алкахтани мырза Бурабай мен Алматы қалаларын мысалға келтіре отырып, Қазақстанның жоғары туристік әлеуетін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, мен Сауд Арабиясында 2019 жылы өткен «Көшпенділер әлемі» этнофестивалінің сәтті ұйымдастырылғанын атап, Сауд Арабиясы Корольдігінің өкілдерін 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырдым.
Сонымен қатар, келесі жылы Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай спорт және туризм салаларында бірқатар бірлескен іс-шараларды өткізу туралы мәселелерді талқыладық.
Кездесудің соңына қарай қос тараптың министрліктері арасында, спорт саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаластық», деп жазды министр Telegram каналында.