Қазақстандық Надежда Дубовицкая биіктікке секіру жарысында үшінші орын алды. Оның ең үздік нәтижесі-1.86 м.
Жеңімпаздар тұғырындағы екі орынды Өзбекстаннан келген спортшылар Сафина Садуллаева мен Светлана Радзивил иеленді. Тағы бір қазақстандық спортшы Кристина Овчинникова 4 орынды місе тұтты. Оның көрсеткіші -1.83 метр.
Айта кетейік, Надежда Дубовицкая осыдан 5 жыл бұрын Джакартада өткен сары құрлық ойындарында қола жүлдеге ие болған. Ол 2021 жылы маусым айында Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Азия рекордын тіркеген (2,00 м).
Сондай-ақ Дубовицкаяның қоржынында жабық кешендегі әлем чемпионатының қоласы (2021 жыл) мен Азия чемпионатының алтыны, қоласы мен тағы бірқатар медаль бар.
25 жастағы Семей қаласының тумасы 23 қыркүйекте Азиаданың салтанатты ашылу рәсімі кезінде бокстан құрама капитаны Асланбек Шымбергеновпен бірге Мемлекеттік Туды ұстап шыққан.