АРМАНЫМЫЗ - ЧЕМПИОН АТАНУ: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЕҢ ЖАС СПОРТШЫЛАРЫ ЕЛ ТАРИХЫНДА БОЛМАҒАН ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУГЕ НИЕТТІ

АРМАНЫМЫЗ - ЧЕМПИОН АТАНУ: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЕҢ ЖАС СПОРТШЫЛАРЫ ЕЛ ТАРИХЫНДА БОЛМАҒАН ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУГЕ НИЕТТІ

XIX Азия ойындарына қатысып жатқан қазақстандық споршылардың ішінде ең жасы - 13 те. Еркежан Сүлеймен мен Ділназ Нығметжанова көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншылары. Екеуі де Жетісу облысының тумасы.

«Азия ойындарына шақырту алғанымда өте қатты қуандым. Бұл менің өмірімдегі ең алғашқы үлкен жарыс болғандықтан қорқыныш та болды. Қорқынышты жеңуге ата-анамның қолдауы көмектесті. Командадағы жасы үлкен спортшылар бізді сіңлілеріндей көріп, қамқорлық көрсетеді. Үлкен қыздар Қазақстан құрамасының формасымен жүргенде осы спорттық киімді киюді армандайтынмын. Арманым орындалғанда қатты қуандым»,- дейді көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншысы Еркежан Сүлеймен.

13 жастағы Ділназ Нығметжановның көгалдағы хоккеймен айналысып жүргеніне 7 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында біраз жетістікке де жетіп үлгеріпті. Бүгінде ол спорт шебері атағына үміткер. Сондай-ақ ең үздік жас спортшы атағын алған.

«Бұл командалық спорт. Осының арқасында жаңадан достар тауып, көптеген мемлекеттерге бардым. Бұл менің тұңғыш Азиадам. Басты арманым - Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атану»,- дейді көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншысы Ділназ Нығметжанова.

Қазақстан құрамасы Азия ойындары алдында Үндістанда оқу-жаттығу жиындары өткізді. Айта кету керек, Үндістан, Қытай, Жапония сынды Азия құрлығының өкілдері көгалдағы хоккейден әлемнің үздік құрамалары саналады. Сол себепті Азиадада бәсекелестік деңгейі өте жоғары.

«Біз команданың болашағын ойлағандықтан қабілеттеріне қарай осы екі қызды таңдап, Азия ойындарына алып келдік. Себебі, осындай дәрежедегі жарыстар керемет тәжірибе береді. Болашақта осы жас спортшылар ұлттық құраманы жеңіске жетелейді деп үміттенеміз»,- деді көгалдағы хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері Нұржан Бейбітов.

Айта кету керек, бүгін көгалдағы хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы Индонезияны 2:1 есебімен ұтып, Азия ойындарындағы алғашқы жеңіске қол жеткізді.