К.АХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРРММИК ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫН МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ: ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ СПОРТ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

К.АХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРРММИК ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫН МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ: ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ СПОРТ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Алматы қаласындағы спорт нысандарын аралап, материалды-техникалық жағдайымен және министрлік назарға алуы тиіс өзекті мәселелерімен танысты.
 
Министр алдымен заманауи стандарттарға сай жабдықталған Sadu Arena - күрес орталығына барды. Кешенде 6 күрес кілемі төселген. Бір уақытта 80 палуан жаттығу жасай алады. Айта кету керек, Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан дәл осы жерде дайындалған. Ермек Маржықпаев орталықтың тыныс-тіршілігімен танысқан соң Ризабектің әкесі Қанат Жолдасбаймен кездесті. Белградта өткен әлем чемпионатындағы алтын жүлдемен құттықтап, чемпионды тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.
 
Одан кейін Алматыдағы Спорттық медицина және оңалту орталығына барып, мекеме қызметкерлерімен еліміздегі спорттық медицинаның жағдайы туралы пікір алмасты.

«Спорттағы кез-келген жетістік спортшылар мен жаттықтырушылардан бөлек, білікті медициналық қызметкерлердің жұмысының нәтижесі. Спорт пен медицина бөліп-жаруға келмейтін, қатар жүретін сала. Бүгінде спорт бір орында тұрған жоқ. Сол себепті медицинаның да соңғы трендтерден кенже қалмағаны маңызды. 40 жылдан артық тарихы бар орталық ғимаратының жағдайы мен жабдықталуына қатысты мәселелер бар. Бұл сұрақтарды ұжыммен кеңесе отырып, кезең-кезеңімен шешетін боламыз»,- деді министр.

Алматыдағы республикалық спорт колледжінде оқушылармен және оқытушы-жаттықтырушылармен сөйлесті. Мұнда 428 бала білім алады. Олардың арасында әлем және құрлық чемпионаттарында жүлде алып жүрген жастар бар. Ермек Маржықпаев жатақхана мен асхананы аралап, балалардың қалай тамақтанып, қайда тынығатынын көрді.

Дзюдо академиясына барып, жас палуандардың жаттығуына қатысты. Биыл академияның 5 оқушысы әлем біріншілігіне қатысып, 1 палуан қола медаль алған.

Сапар аясында К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне де барып, жас спортшылармен және оқытушылар құрамымен кездесті. Білім ордасының оқу корпусы жөндеуді қажет етеді. Атап айтқанда, жылу құбырлары және электр желісін жаңарту керек. Министр мәселені министрлікте пысықтау үшін өз бақылауына алатынын айтты.

«Бүгінде министрлік тарапынан спорттық дарыны бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алматы қаласында білім беру нысандарын аралағанда оқытушы-жаттықтырушылармен, медицина мамандары және мекеме басшыларымен нақты нәтижеге бағытталған, кешенді жұмыс жүргізудің маңызы туралы сөйлестік. Себебі, еліміздің әр өңіріндегі спорт мектеп-колледждерінің тәрбиеленушілері ұлттық құраманың резерві болуы тиіс»,- деді Ермек Маржықпаев.

Алматыда министр барған тағы бір нысан - CHAMP1ON спорт кешені болды. Кешен әкімшілігі әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын тегін жаттықтырады.

Ал, «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің медицина кабинетін жабдықтау бойынша сұрақтар бар. Мұнда 3 дәрігер, 7 медбике қызмет етеді. Министр балалардың денсаулығы, физикалық жүктемесі мен тамақтануы туралы сөйлесті. Білім ордасында еліміздің барлық өңірінен келген оқушылар тәрбие алады. Ермек Маржықпаев әр баланың жағдайын жіті бақылауда ұстау аса маңызды екенін ескертті.