
«Туризм және спорт министрі ретінде алғашқы аппараттық кеңес өткізіп, бірқатар ірі жобалардың іске асырылу барысымен таныстым. Сондай-ақ басшылық құраммен министрліктің «ішкі» жұмысын және басқа да маңызды мәселелерді талқыладық.
Атап айтқанда, Ханчжоуда өтетін Азия ойындарына дайындықты пысықтадық. Әріптестерім еліміздің әр өңірінде командалардың оқу-жаттығу жиындары өтіп жатқанын хабарлады. Құрамалар жасақталып, жақын арада Қытайға ұшады.
Сондай-ақ келесі жылға жоспарланған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайындық жұмысын сұрадым. Мемлекет басшысы бұл іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырған болатын, осы күндері жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қазір біздің министрлік басқа министрліктермен келісуді талап ететін бірқатар мәселелерді шешумен айналысуда.
Сонымен қатар, әріптестермен ойын бизнесін реттеуді күшейту және тиісті нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі заң жобасын талқыладық. Заң жобасы шеңберінде 16 жаңа реттеуші құралды қамтитын 55 түзету әзірленді, олар бойынша басқа министрліктермен келісу процесі жүріп жатыр және реттеушілік әсерге талдау жүргізілуде»,-деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.