
«Бүгін Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері басталды. Осы іс – шара аясында республикамыздың үш ірі қаласында – Астана, Алматы және Шымкентте концерттік қойылымдар, кино көрсетілімдері, көрмелер және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал «Астана Опера» театрында гала-концерт өтеді.
Мен осы ретте Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі Зульфия Давлатзодамен кездестім, біз мәдени салада елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыладық.
Қазақстан мен Тәжікстанды дипломатиялық берік қатынастар мен ғасырлар бойғы тарих байланыстырады, сондықтан қазіргі уақытта екі ел мәдениет саласында көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, келесі жылы Ұлттық академиялық кітапханада тәжік әдебиетінің бұрышы ашылады. Естеріңізге сала кетейін, елдеріміздің ұлттық кітапханалары арасында ынтымақтастық туралы шарт бар, соған сай кітапхана, архив және музей қорларының жазбаша және баспа құжаттарын сақтау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Давлатзода ханымға қазақстандық баспагерлер мен кітап сауда ұйымдарын осы жылдың 3-5 қазаны аралығында Тәжікстан астанасында өтетін XI халықаралық «Душанбе кітабы» көрмесіне шақырғаны үшін алғысымды білдірдім. Қазіргі уақытта біздің делегацияның осы іс-шараға қатысуы мәселесі пысықталып жатыр.
Ертең Қазақстандағы Тәжікстанның мәдениет күндері аясында елордада көрнекті ғалым Әбу Әли Ибн Синаға бюст ашылады. Ал 29 тамызда Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында екі ел композиторларының кездесуі өтеді.
Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы мәдени байланыстар әрқашан да қуатты болды. Алдағы іс-шаралар екі ел достығының беріктігін дәлелдей отырып, рухани байланыстарды одан әрі нығайтатынына сенімдімін»,- деп жазды министр Telegram каналында.