«Өнерлі өрен» республикалық онлайн-байқауының қатысушылары бірлік күні мерекесімен құттықтады (видео)

«Өнерлі өрен» республикалық онлайн-байқауының қатысушылары бірлік күні мерекесімен құттықтады (видео)

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Өнерлі өрен» онлайн республикалық балалар байқауының қатысушылары 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.

#onerli.oren хэштегімен өткізіліп жатқан байқауда 6-18 жас аралығындағы өнерпаздар вокал (дәстүрлі, эстрадалық, академиялық), музыкалық аспапта ойнау (ішекті, пернелі, ұрмалы,үрмелі аспаптар), көркемсөз (өлең оқу шеберлері), бейнелеу жəне қолданбалы өнер жанрлары бойынша бақ сынап жатыр.

10 сəуірде бастау алған сайысқа бүгінге дейін 500-ге жуық өтініш келіп түссе, əлеуметтік желі арқылы жас өнерпаздардың өнерін 880 000 адам тамашалады.

Осы аралықта əр жанр бойынша 3 жас ерекшелігіне (кіші, орта, үлкен) іріктелген қатысушылардың өнеріне Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің Бас дирижері, күйші Абылай Тілепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің əртістері Рахат Сəрсенов, Қарлығаш Сетенова мен Əділет Жақиянов, ақын-аудармашы, журналист Танакөз Толқынқызы, ақын Серікзат Дүйсенғазы, əнші, сазгер Құрмаш Маханов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, театр жəне кино актері Бақыт Тушаев, журналист Әсел Ергешқызы қазылық етті.

Айта кетейік, аталған байқау қазіргі таңда әлеуметтік желіде жалғасып жатыр. Қазылар алқасы өз кезегінде 3 жеңімпазға дейін (бас жүлде, бірінші, екінші орын) таңдай алады.

Байқауға 6 мен 18 жас аралығы кез келген өнерпаз қатыса алады. Байқауға қатысу үшін үміткер алдын ала сапалы түсірген бейнежазбасы мен қатысушы туралы толық ақпаратты onerli.oren@mail.ru Onerli.Oren@gmail.com  электронды поштасына жолдауы керек. Байқауға қатысушы шығармасын жанды дауыста орындауы керек. Әр жанрдан 10 қатысушыдан топталып бақ сынайды.