
Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтті.
Кітап авторлары ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті, философия ғылымдарының докторы (Dph) Тастанбек Есентаев, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық Олимпиада Комитетінің мүшесі Мария Булатова мен ҚР құрметті спорт қайраткері, доцент Бақытжан Есжанов.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек пен елімізге танымал спорт саңлақтары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Кітаптың тұсаукесерін белгілі журналист, Altyn Qyran Foundation қайырымдылық қорының бас директоры Ринат Кертаев жүргізіп, авторларға ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Басқосуда сөз алған ҚР ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек жинақтың маңыздылығына тоқталды.
«Еліміз 1996 жылдан бері жеке дара мемлекет ретінде Олимпиадаға қатысып келеді. Әр Олимпиадада көк туымыз желбіреп, спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан ойып орын алады.
Жастарды тәрбиелеуде, дені сау өскелең ұрпақ қалыптастыруда Олимпиадның мәні мен маңызы жоғары. Ал, енді сол Олимпиаданың тұғырына ұмтылатын ұрпақты тәрбиелеу үшін біз оның тарихын да жете білуіміз керек. Осы тұрғыда бүгінгі тұсауы кесілген «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты жинақтың алар орны ерекше», - деді Сәрсен Абайұлы.
Кітап авторларының бірі, әрі идея авторы Тастанбек Есентаев еліміздегі оқу орындарында жастарға Олимпиада туралы тиісті мағлұмат беретін бірде бір дереккөз жоқтығына тоқталды.
«Бұл оқу құралын жазу идеясы маған «Қазақстан Республикасы Дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры қызметін атқарып жүргенімде келді.
Себебі, біздегі оқу орындарында Олимпиаданың тарихы мен оның танымалдылығы тиісті деңгейде емес. Одан бөлек, оқу орындарында еліміздің жазғы және қысқы Олимпиадада жеткен жетістіктері жайында мағлұмат беретін бірде бір бұрыш жоқ. Демек, өскелең ұрпақ ел мақтаныштарын, Отанымыздың патриоттарын дұрыс білмейді деген пайымға келдім», - деді Тастанбек Құтжанұлы.
Оқу-әдістемелік құралда негізінен сонау Олимпиаданың тарихынан бастап Тәуелсіз Қазақстанның Олимпия ойындарындағы жетістіктері жазылған. Кітап авторлары Олимпиада туралы пайдалы деректер мен қызықты сұрақтарды да қамтыған.
«200 беттік жинақта біз жеке тұлғаларға көп көңіл бөлдік. Олимпиадада жоғары биіктерге жеткен спортшылар өз елінің, халқының сүйіктісі ғана емес, сонымен қатар, бейбітшілік пен халықтар достығының өкілі деп санаймыз»,- деді Т. Есентаев.
Жинақтың тұсаукесер кешіне келген қонақтар жаңа туындының спорт пен ғылым саласында үлкен мәнге ие екендігін жеткізіп, алдағы уақытта өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында осындай еңбектерді қолға алу керектігін айтып тарқасты.