
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу мәселелері бойынша тізбені қалыптастыру жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Кездесуге Мәдениет және спорт, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, азаматтық қоғам институттары, ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері қатысты.
Биыл Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына бакалавр даярлауға 1690 орын бөлінді. Оның 315-і Қазақ ұлттық өнер университетіне, 300-і Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына берілді. 250 орын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына, 25-і Қазақ ұлттық хореография академиясына бөлінсе, Халықаралық туризм және меймандостық университетіне 800 орын бөлінді.
2023-2024 оқу жылына магистрлерді даярлауға 166 орын бөлінді. Оның 54 – ін Қазақ ұлттық өнер университеті, 63-ін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы алды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына – 39, Қазақ ұлттық хореография академиясына – 10 орын берілді.
Докторантураға түсу үшін 26 орын бөлінді. Оның 9-ы Қазақ ұлттық өнер университетіне, 10-ы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, 5-і Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына және 2-і Қазақ ұлттық хореография академиясына берілді.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 700 орын бөлінді. Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне 100 орын, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне 60, Қазақ ұлттық хореография академиясының колледжіне 40, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне 65 орын бөлінді. Сондай-ақ А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі 70 орынға ие болса, 60 орын О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне, 105-і П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжіне бөлінді.
Спорт саласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға оқу орындарының арасында білім беру гранттары келесідей бөлінді: К.Ахметов атындағы ОРРММИК - 40 орын, республикалық спорт колледжіне – 80, Алматы қаласы «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне 20 орын, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ОРРММИК - 40, Риддер қаласындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне - 20 орын бөлінді.