Туристердің өтініш-талаптарын орындау өзара түсіністік пен қосымша уақытты талап ететін ауқымды мәселе

Туристердің өтініш-талаптарын орындау өзара түсіністік пен қосымша уақытты талап ететін ауқымды мәселе

Әлемде COVID-19 вирусының таралу салдарынан қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстанның туристік саласы қиын жағдайға кез келді. Мыңдаған қазақстандық турист демалудан бас тартуға немесе демалыс мерзімін аяқ-астынан үзуге және үйге оралуға мәжбүр болды.

Туристердің бір кезеңде ұйымдасқан түрде елге аман-есен жеткізілуіне мұрындық болған отандық туроператорлар мен «Туристік Қамқор» қорына алғыс айтамыз. Қазақстан ТМД-дағы алғашқылардың бірі болып өз туристерін отанына қайтаруды аяқтады. Қазір біз туристік саланы қолдауға қатысты алдағы қадамдарымызды айқындап, осы бағытқа ерекше назар аударып отырмыз.

Турбизнес үшін қиын уақытта, туристік сапарлардың тоқтатылуынан туристерге қаражатты қайтару мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Сонымен қатар бұл өте ауқымды мәселе болғандықтан тез арада жылдам шешілетін процесс емес. Салынған қаражатты бірден кері қайтарудың қиындығы қызметтерді ұсынушылар тарапынан алып қарағанда сан-қатпарлы, тіпті 5-6 деңгейді құрайды: клиент – турагент – туропреатор – авиакомпаниялар – шетелдік қонақ үйлер мен олардың жабдықтаушылары. Тиісінше бұл төленген депозиттер мен аванстар, процестің барлық қатысушыларының әртүрлі операциялық шығысы, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы.

Іс жүзінде бір мезгілде осы деңгейлердің әрқайсысында бүкіләлемдік індетке байланысты форс-мажорлық жағдайлар туындады. Дәл осы сала адамдардың қозғалысын төтеннен шектеумен байланысты барлық соққыны алды.

Қазіргі таңда отандық туроператорларға жұмсалған қаражатты қайтару үшін өздерінің жергілікті және шетелдік серіктестерімен келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ заңдық рәсімдерді шешуге уақыт қажет.

Бір мезгілде қаражатты қайтару туралы келіп түскен өтініштердің, шағым-талаптардың үлкен ағыны туркомпаниялардың жұмысын тоқтатуға, ал жекелеген жағдайда  оларды банкроттыққа отырғызуы мүмкін, және бұл тараптар үшін тығырықтан шығар жол емес.

Сонымен қатар, жағдайды реттеу мақсатында туроператорлар демалыс күндерін ауыстыру, туристік сертификатты ресімдеу, туристік компания мен турист арасында қосымша келісім-шарт жасау және т.б. түйінді мәселелерді шешу сияқты бірқатар шаралар көзделген. Қазір барлық тараптарды қанағаттандыратын арнайы шешімді іздеп табу өте маңызды болып отыр. Дәл ос ыкезде туристер мен туристік бизнес субъектілері арасындағы өзара түсіністік қана кәсіпорындарға туындаған жағдайға төтеп беруге, ал туристерге барлық қиындықтарды жеңгеннен кейін толыққанды демалуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі туристік нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін барынша күш жұмсайтын болады.

Осыған байланысты, ел азаматтарынан болған іске барынша түсіністікпен қарап, туристік компанияларға қойып отырған талаптарды кейінге қалдыра тұруды және туристік компаниялар нарықты қалпына келтіргенге дейін мүмкіндік беруді сұраймыз.