«ҚР МСМ жанындағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы Кенесары ханның Құран кітабына реставрация жасайды. Осыдан кейін қолжазбаның 4 көшірмесі жасалады, ал күзде жәдігер Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде өзінің құрметті орнына қойылады», - Асхат Оралов бағалы қолжазбаны тапсыру рәсімі туралы

«Бүгін нағыз тарихи оқиға болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына Кенесары ханға тиесілі қасиетті Құран кітабы табысталды. Кенесары Қасымұлы көрнекті дін және қоғам қайраткері Марал ишаннан алған құнды қолжазбаны табыстау рәсіміне қатыстым.

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында қасиетті кітаптың отанына оралғаны туралы ең бірінші болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. Кенесары ханның қолында болған қасиетті Құран кітабы екі ғасыр бойы қолдан қолға беріліп, шетелге өтіп кеткен. Президент меценаттардың қолдауы арқасында елге қайтарылған құнды жәдігер ҚМДБ-ға беріледі деп мәлімдеген еді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қасиетті кітапты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына табыс етті. Құранға Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі қойылған. Ал оның түпнұсқа екенін отандық және шетелдік бірқатар ғалым дәлелдеген.

Мәдениет және спорт министрлігін алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Алдымен ҚР МСМ жанындағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы қасиетті кітапқа реставрация жасайды. Осыдан кейін кітаптың 4 көшірмесі дайындалып, күзде жәдігер Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде өзінің құрметті орнына қойылуы тиіс.

Кенесары ханға тиесілі Құран кітабының елге оралуы – ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз бен ғылымымыз үшін аса маңызды оқиға. Рухани мұрамыз саналатын құнды қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтау әрқайсымыздың асыл парызымыз болуға тиіс», - деп жазды министр Telegram каналында.