
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында министрліктің қашықтан оқыту курстарын белсенді түрде жүргізіп отырғандығын мәлімдеді.
"Сонымен қатар, министрлік онлайн оқыту, мәдениет, спорт және туризм саласындағы мамандардың біліктілігін арттырудың қашықтан оқыту курстарын да белсенді жүргізуде. Аталған курстарды ұйымдастыруда «Google Classroom», «Zoom» және т. б. заманауи білім беру платформалары іске қосылған.
Тілдерді дамыту саласында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының базасындаоқытушылардың сандық сауаттылығын арттыру және тәжірибе алмасу үшін «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесінің» онлайн курстары ұйымдастырылды.
Министрлікке қарасты мәдениет және спорт саласындағы барлық оқу орындары қашықтан оқыту үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Бұл процесті ұйымдастыруда заманауи білім беру платформалары, мессенджерлер және «Күнделік», «Google Classroom», «MOODLE», whatsapp, telegram сияқты онлайн-құрылғылар пайдаланылады. Сондай-ақ сахна, орындаушылық өнердің, спорт майталмандары онлайн форматтарда дәріс беруде (бейне сабақтар, өзіндік жұмыс, онлайн-курстар, чат-сабақтар, веб-сабақтар, теле-конференциялар, теле-сабақтар және т.б.)"-дей келе министр, Қазақстан, әлемнің көптеген елдері сияқты, өз шекараларын жапқанымен, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа форматта жалғастыратындығын жеткізді.
"Алғаш рет қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай және рухани мұра» атты халықаралық онлайн конференция жұмысына Қытай, Түркия, Венгрия, Ресей елдерінің спикерлері және қазақстандық ғалымдар, өлкетанушылар, жазушылар мен ақындар қатысты. Онлайн конференция Zoom.us платформасы арқылы өтіп. Конференцияны тікелей эфирде 7 мыңнан астам адам қараған.
Сондай-ақ, Әл-Фарабидің 1 150 жылдығына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн-конференция өтті. Конференцияға Ұлыбритания, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Қазақстан және басқа да елдердің ғалымдары қатысты.
Сәуір айының соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Киелі Қазақстан» атты халықаралық онлайн-конференцияны өткізуді жоспарлап отырмыз.
Жақында ғана ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен әлемнің 130 елінің мәдениет министрлері қатысқан халықаралық конференцияға қатысып, конференция барысында пандемияның мәдениетті дамытуға әсерін азайту жөніндегі шаралар және саланы одан әрі дамытудың жолдары талқыланды,"-деді А.Райымқұлова.