Мәдениет және спорт министрі қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

Мәдениет және спорт министрі қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

««Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра»,- деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, шын мәнінде қазақ пен домбыра – егіз ұғым.

Бала кезден жүрегімізге жақын домбыраның қоңыр үнінде халқымыздың сан ғасырлық тарихы, бай мұрасы мен ұлттық коды, бар болмысы жатыр. Сол себепті күй төгілгенде әр қазақтың рухы асқақтап, бойымызды ерекше мақтаныш сезімі билейді.

Домбыра күні – мазмұны терең, маңызы ерекше мейрам. Дәулескер күйшілеріміздің рухани қазынасы – халқымыздың баға жетпес байлығы. Біздің мақсатымыз - осынау мәдени мұрамызды сақтап, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу. Министрлік әзірлеген 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясаттың тұжырымдамасында домбыра мен ұлттық күй өнерін дәріптеуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарланып отыр. Және де бұл тараптағы жұмыстар үздіксіз атқарыла береді.

Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтай отырып, бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін», -  деп жазды министр Telegram каналында.