Дзюдодан QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM турнирінде Қазақстан құрамасы 7 медаль жеңіп алды

Дзюдодан QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM турнирінде Қазақстан құрамасы 7 медаль жеңіп алды

Қазақстандық спортшылар дзюдодан Grand Slam жарысын жеті медальмен аяқтады. Қазақстан құрамасы ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде салды.

Үш күн бойы әлемнің үздік дзюдошылары Астанада өзара мықтыны анықтады. Елордада Qazaqstan Barysy Grand Slam «Үлкен дулыға» турнирі өтті.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жарысты тамашалап, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.

Министр 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз бен жүлдегерлерге медаль табыстады. Бұл салмақта қазақстандық Ислам Бозбаев қола жүлдеге ие болды.

Осы кеште Қазақстан тағы 2 қола медаль жеңіп алды. Ерлер арасында 100 кг астам салмақта Ғалымжан Қырықбай, ал әйелдер арасында 78 кг астам салмақ дәрежесінде Ақерке Рамазанова жүлде алды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы командалық 4-ші орынды иеленді.

«Біздің жігіттер мен қыздарға татамидегі ойыны мен жеңіске деген құштарлықтары үшін алғыс айтамын! Астанада Grand Slam жоғары деңгейде өтті деп сеніммен айтуға болады. Бұл біздің спортшыларды қызу қолдаған ұйымдастырушылар мен жанкүйерлердің үлкен еңбегі. Еліміздің командасына Ханчжоу мен Парижде табысты өнер көрсетулерін тілеймін», - деді Мәдениет және спорт министрі.

Qazaqstan Barysy Grand Slam-әлемнің 42 елінен 334 спортшы қатысқан ауқымды халықаралық жарыс. Турнир ерекше маңызды, өйткені оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Париждегі Олимпиадаға қатысу үшін рейтингтік ұпай иеленеді.