Боччадан Қазақстан чемпионатына 10 облыстан 47 параспортшы қатысады

Боччадан Қазақстан чемпионатына 10 облыстан 47 параспортшы қатысады

«Боччадан Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатына қатыстым. Турнир елорда төрінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Оған 10 облыстан 47 параспортшы қатысуда.

Бочча - тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдар қатыса алатын паралимпиадалық спорт түрі.

Чемпионатпен қатар Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалі басталды. 500 ге жуық қатысушы төрт күн бойы жүзу, каратэ (ката), таеквондо (пхумсе), дзюдо (көрсетілімдер), футбол (эстафета), голбол, бочча, жеңіл атлетика және тағы да басқа спорт түрлері бойынша сайысады.

Фестиваль аясында «Инклюзивті хореография» үйірмесінің тәрбиеленушілері арасында шығармашылық би байқауы өтеді. Қатар басталған сайыстар «Жалпыға қолжетімді спорт, шектеусіз спорт» ұранымен өтіп жатыр.

Министрлік елімізде паралимпиада және инклюзивті спорт түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөлетінін атап өткім келеді.

Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген Қазақстан Республикасының Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында біз пара және инклюзивті спорт түрлерін дамытуға арналған нақты жоспар құрдық. Мысалы, 2029 жылға қарай жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын ерекше қажеттілігі бар азаматтардың үлесін арттыруды жоспарлап отырмыз. Әр өңірде пара және инклюзивті спорт түрлері бойынша тұрақты түрде спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылады.

Осы және өзге де жүйелі жұмыстың нәтижесінде әлемдік ареналарда еліміздің намысын абыроймен қорғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімдімін. Ал, елордада басталған жарысқа қатысушыларға сәттілік пен табысты өнер көрсетулерін тілеймін», - деп жазды министр Telegram арнасында.