Бүгін Астана қаласында Боччадан Қазақстан Республикасының чемпионаты және Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
400-ден астам мүгедектігі бар балалар мен ересектер сайысқа түсіп, бақтарын сынайды.
Екі жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы және боччадан Қазақстандық федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, «Samruk-Kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева, Қазақстанның алғашқы паралимпиада чемпионы Зульфия Габидулина сөз сөйлеп, Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшыларға сәттілік тіледі.
Бочча - Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан паралимпиадалық спорт түрі болып келеді. Бұл доп арқылы дәлдік пен ептілікті дамытатын ойын. Басқа паралимпиадалық спорт түрлерінен айырмашылығы, боччада тірек-қимыл аппаратының ауыр зақымдануы бар адамдар қатыса алатын жалғыз спорт түрі.
Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалі жыл сайын церебральды сал ауруы, аутизм, даун синдромы, көру, есту қабілеті зақымданған диагноздары бар, сондай-ақ дені сау балалар мен жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізіледі.
Жарыс 1-4 маусым аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.