
18-19 мамырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының аудиовизуалды құжаттарын жинақтау, сақтау және қолжетімділікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Мерейтойлық іс-шара аясында қатысушылар мен Ресей Федерациясынан, Польша Республикасынан, Беларусь Республикасынан, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларынан келген архив өкілдеріне мұрағатта сақталған құжаттардың экспозициялары мен Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің басылымдары таныстырылды. Сондай-ақ «Дәуір дәптері» деректі фильмінің көрсетілімі болды. Конференцияға қатысушылар заманауи технологияларды қолдана отырып жасалған жанды фотосуреттермен танысып, 3D форматтағы кинохрониканы тамашалады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архивтер және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс барысында аудиовизуалды құжаттардың сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ету туралы өзекті мәселелер талқыланды. Ардагер архившілер мен қор құрушылар Сергей Әзімов пен Бақыт Қайырбековке құрмет көрсетіліп, архив қызметкерлері «Архив саласының үздігі» медалімен марапатталды.
Белгілі кинорежиссер Молдағали Омаров Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен қызметі туралы бұрын соңды ешбір жерде жарияланбаған құнды киноқұжаттарды архивке тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Конференцияның екінші күнінде белгілі қазақ тележурналисі және ақын Бейбіт Құсанбектің жеке архивінен кино-видео және фотоқұжаттарды архивке тапсыру рәсімі өтіп, Ресей Федерациясының Мемлекеттік фильм қорымен, Беларусь мемлекеттік архивімен, Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік кино-фото-фоноқұжаттар архивтерімен ынтымақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойылды.