
«Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры қойған «Бейбарыс» спектаклін тамашаладым. Ұжым гастрольдік сапармен келіп, алдымен астаналық көрерменді қуантты.
Бұған дейін мен Атырау облысына барғанымда, биыл 85 жасқа толатын театрдың осынау қойылымына қатысуға уәде берген едім. Кеше спектакль басталмас бұрын көрермендер мен шығармашылық ұжымды қуана қарсы алдым, атыраулық театр ұжымы 18 мамырға дейін елордалық көрермендерді қуантады.
Жазушы және драматург Рахымжан Отарбаевтың пьесасына негізделген бұл қойылым Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орайластырылған. Естеріңізге сала кетейін, ұлы тарихи тұлғаның мерейтойы аясында Қазақстанда және одан тыс жерлерде бірқатар мәдени іс-шаралар, соның ішінде, біздің артистеріміздің Египетте өнер сапары жоспарланған.
Атыраулық ұжым Астанадағы «Жастар» театрының сахнасында да өнер көрсетеді. Көрермендер назарына М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» және У. Шекспирдің «Ричард ІІІ» сияқты қойылымдары ұсынылады. Елордадан кейін әртістер Түркістан қаласына барады. Жоғарыда аталған барлық спектакльдерді жергілікті көрермендерге ұсынады. Барша өнерсүйер қауымды Атырау театрының өнерін тамашалауға шақырамын»,-деп жазды министр Telegram арнасында.