
«Бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді! Ташкенттегі турнирде спортшыларымыз 4 алтын медаль жеңіп алып, он жыл бұрынғы жетістікті қайталады. Бұл әлем біріншілігі аясында отандық боксшылар үшін ең жақсы нәтиже.
Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Нұрбек Оралбай (80 кг) еліміздің және әлемдік бокс тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазды. Дулат Бекбауов (67 келі) Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды.
Соңғы сәтке дейін біздің былғары қолғап шеберлеріне сеніп, оларға шын жүректен қолдау көрсеткен қазақстандықтарды тарихи нәтижемен құттықтаймын.
Шаршы алаңда қайсар мінез көрсетіп, жанкүйерлерді жеңіспен қуанту үшін жан аямаған спортшыларға алғыс айтамын. Әлем чемпионатында оңай қарсылас болмайды, бірақ біздің батырлар отандық бокс мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дүниежүзіне танытты.
Чемпиондарымызды лайықты күтіп алуға асықпыз. Оларға болашақта да жоғары нәтижелер тілеймін. Қазақ елі сіздерді мақтан тұтады!»,-деп жазды министр Telegram арнасында.