
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеуіне сәйкес елімізде санитарлы-гигиеналық тораптарға қажеттілік 292 бірлікті құрайды. Айта кету керек, санитарлы-гигиеналық тораптарды орнату, олардың жұмыс сапасын қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелеріне әкімдіктер жауапты.
Өңірлер бойынша ең үлкен қажеттілік Қостанай облысында. Мұнда жаңадан 52 санитарлы-гигиеналық торап ашу керек. Ішкі туристік басым бағыттардың бірі саналатын Түркістан облысында да аталған мәселе өзекті. Зерттеуге сәйкес өңірде кемінде 50 санитарлы-гигиеналық торап қажет. Сондай-ақ Ақмола (31) , Алматы (39) , Ақтөбе (26) мен Батыс Қазақстан (23) облыстарында қажеттілік бар.
Айта кету керек, өткен жылы еліміз бойынша 53 санитарлы-гигиеналық торап орнатылды. Бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш басында тұр. Былтыр өңірде 10 санитарлы-гигиеналық торап орнатылды. Одан кейінгі орында 9 санитарлы-гигиеналық торапты іске қосқан Павлодар облысы тұр. Үздік үштікті 8 санитарлы-гигиеналық тораппен Алматы облысы түйіндейді. Сондай-ақ өткен жылы Қызылорда мен Түркістан облыстарында 6 санитарлы-гигиеналық тораптан орнатылды. Жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес биыл өңірлерде 183 санитарлы-гигиеналық торап орнату қарастырылған.
«Елімізде туризмнің тартымдылығының негізгі факторларының бірі – саяхаттауға қолайлы жағдай жасау. Оның ішінде санитарлы-гигиеналық тораптармен қамтамасыз ету және оларды күтіп ұстау маңызды. Сондықтан-да әкімдіктерге туристік инфрақұрылымды жақсартып, барынша жайлы жағдай жасау бойынша жұмысты күшейту керек. Министрлік өз тарапынан туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралын іске қосты. Соның бірі - санитарлы-гигиеналық тораптарды ұстау шығынын өтеу. Кәсіпкерге сол үшін айына 83 000 теңге көлемінде субсидияланады»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.