Атырау облысының Махамбет ауылында «Сарайшық» визит-орталығының ашылуы өтті

Атырау облысының Махамбет ауылында «Сарайшық» визит-орталығының ашылуы өтті

Асхат Оралов Атырау облысындағы Махамбет ауданында «Сарайшық» визит-орталығының ашылу салтанатына қатысты.

«Жергілікті тұрғындардың, Ардагерлер кеңесі, зиялы қауым өкілдерінің және көрнекті қайраткерлердің қатысуымен өткен іс-шарадан кейін визит-орталық жұмысын ресми түрде бастап кетті.

Визит-орталығының жұмысымен танысу барысында қонақтардың тамақтануына және түнеп шығуына, жайлы жағдай жасалған орындарды, келушілер қазақ хандығы, Алтын Орда және одан бұрынғы дәуірлердегі қалашықтың тарихымен таныса алатын экспозициялық залды араладым.

Ақпарат үш тілде беріледі. Зал экрандармен және ақпараттық терминалдармен жабдықталып, мультимедиялық технологиялар қолданылады.

Сондай-ақ, археология залында болдым. Мұнда қалашықтан табылған жәдігерлер мен ұлы ғалым Әлкей Марғұланға арналған шағын экспозиция ұсынылды.

Визит-орталықта балаларға арналған шығармашылық секциялар да бар. Жас суретшілермен, мүсіншілермен және құмырашылармен кездестім, олардан шығармашылышпен айналысуға қандай жағдай жасалғаны туралы сұрадым.

«Сарайшық» визит-орталығын іске қосу - бұл үлкен істің бастамасы ғана. Біз нысанды дамытудың бес жылдық жоспарын әзірледік, соның арқасында бұл киелі орынды шетелдік және ішкі туристер үшін тартымды етеміз деп күтеміз.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда тағы үш визит-орталық жұмыс істейді: Алматы облысында «Таңбалы», Ұлытау облысында «Ұлытау» және Түркістан облысында «Отырар». Биыл тағы үш визит-орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі «Сауран», «Гауһар-ана» және «Ордабасы» орталықтары»,- деп жазды министр Telegram арнасында.