
2023 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде екі іс-шара: 14:00-да Алпысбай Қазғұловқа арналған мерейтойлық дөңгелек үстел, 16:00-де суретшінің жеке «Көктемгі самғау» атты көрмесі өтеді.
Дөңгелек үстелде Алпысбай Қазғұловтың шығармашылығы. Жаңашылдық және авторлық әдістің бірегейлігі, қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің ахуалы және оның бағыттары мен ағымдары, Қазақстандағы арт-нарықтың қалыптасуының өзекті мәселелері сынды тақырыптар талқыланады. Оған суретшілер мен өнертанушылар қатысады. Сонымен қатар суретшінің шығармашылығы туралы кітап, картиналары бар постерлер таныстырылады.
«Көктемгі самғау» көрмесінде уақыт байланысы, бабалардың рухани мұрасы, көшпенділер әлемі, дала мен ауыл философиясы, қазақ әдет-ғұрпының сабақтастығы, әйел сұлулығына тәнті болу сынды оның шығармашылығын насихаттайтын туындылар қойылған.
Алпысбай Қазғұлов картиналары арқылы халықтың қиындықтарды жеңе отырып, жарқын өмірге қалай бара жатқаны туралы айтуға тырысады. Ол отыз жылдың ішінде жеті мыңнан астам картина салды, олардың басым бөлігі Еуропа, Азия, Американың галереялары мен жеке коллекцияларына тарап кеткен. Сонымен қатар суретші өз коллекциясына қазақстандық және ресейлік авторлардың 2000-нан астам кескіндеме, графика және мүсін үлгілерін жинады. Оның шығармашылық туындылары елордалық заманауи өнер музейінің, Президенттік мәдени орталықтың, Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің, ҚР Ұлттық музейінің көркемсурет қорын бірнеше рет толықтырды. Оның шығармашылығын қастерлеушілер - Лайма Вайкуле, Дидье Маруани, Жерар Депардье, Патрисия Каас, Бельгия князі Лоран және тағы басқалар.
Коллекционер Қазғұловтың көркемсурет мұрағатында Әбілхан Қастеев, Жаңатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Владимир Эйферт, Ким Кузнецова сынды атақты суретшілердің және басқа классиктердің туындылары сақталған.
Бүгінгі таңда суретші Қазақтандағы және республикадан тысқары жерлердегі сұранысқа ие суретшілердің бірі. Оның көрмелері Бельгияда, Қытайда, Түркияда, Ұлыбританияда, Ресейде, Жапонияда, Нидерландыда өтті.
Суретші «Парасат» ордені және Масарик атындағы алтын медальдің иегері.
БАҚ өкілдері аккредитациядан өту туралы сұранысты nmrk.muzei@mail.ru поштасына 2023 жылғы 4 мамыр, сағат 18:00-ге дейін жіберу қажет.