1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен «Гүл Алматы. Flower city» атты балалар мен жасөспірімдерден құралған хор ұжымдарының фестиваль-концерті басталды.
Шараның мақсаты – хор өнерін насихаттау, хорда ән айту мәдениетін дамыту, әсіресе балалар хор өнеріне көңіл бөлу, талантты жастарды сахна төріне шығарып, олардың шығармашылықтарына қолдау көрсету, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындарын отандық және шетелдік музыкалық мәдениеттің құндылықтарымен, хор шығармашылығының үздік үлгілерімен таныстыру.
Екі күнге созылатын фестивальге 15 ұжым қатысады, бүгінгі концертте 7 ұжым өнер көрсетті. Концертте қатысушылар хорға арнап өңделген ең үздік музыкалық шығармалар – халықтық, классикалық және заманауи әндер шырқалуда. Балалар орындаған әндерді көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.
Айта кетейік, «Гүл Алматы. Flower city» фестивалі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жыл сайын әр түрлі форматта, дәстүрлі түрде өткізіліп отырады.
Фестивальдің жалғасы ертең сағат 18:00-де филармония сахнасында өтеді.