
Мəдениет жəне спорт министрлігі жəне «Кселл» АҚ-ның қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы мен Киберспорт федерациясы бірлесіп блиц-шахматтан «UIDE BOL CUP 2020» республикалық онлайн-турнир өткізді.
Қатысушыларға Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Азия шахмат федерациясы (ACF) сəттілік тіледі. FIDE президенті Аркадий Дворкович əлемдік коронавирус пандемиясы кезінде шахматтан онлайн-турнир өткізіп жатқан Қазақстан шахмат федерациясына алғыс айтты.
Ал Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сəпиев бейне үндеуінде карантин кезінде де бұқаралық спорттың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қоса Қазақстан шахмат федерациясының президенті Бейбіт Атамқұлов аталған онлайн-турнирді ұйымдастыруға атсалысқан Мəдениет жəне спорт министрлігіне, Киберспорт федерациясы мен «Кселл» компаниясына алғысын білдірді.
Жалпы онлайн-бəсекеге 1230 адам қатысты. Санаулы сəттен кейін турнир төрешісі Əнуар Исмағамбетов жеңімпаз бен жүлдегерлер есімін жариялайды. Оза шапқан үздіктер қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.