Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-ші отырысы өтті

Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-ші отырысы өтті

Бүгін, 19 сәуірде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Еркінбаев және Қытай Халық Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі басқарушы құрамының мүшесі Ван Сюйдунның төрағалығымен Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-ші отырысы өтті.

Отырыс барысында мәдениет, архив ісі, мәдени мұра, кинематография, туризм, жастар саясаты, білім және ғылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Екі тарап мәдени-гуманитарлық саладағы алмасулар мен мемлекет басшысының уағдаластықтары мен ынтымақтастықтың маңызды рөлін растады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай қабылданған екі бірлескен мәлімдемені іске асыруға дайын екендігін атап өтті.

Қазақстандық тарап Қазақстанның кітапханаларында ҚХР жазушыларының «Шығыс шындығы» жинағының (ҚХР жазушылары: Лу Синь, Ли Бо, Хуан Куо Дын, Жан Иу Тин) басылымы мен таратылуы туралы, сондай-ақ Eurasian Book Fair–2023 халықаралық көрмесінде Қазақстан Жазушылар одағы мен «Синьон» мемлекеттік баспасы жоспарлаған «Жібек жолындағы 100 қалам» кітабының тұсаукесері туралы хабардар етті.

Тәжірибе алмасу мақсатында «Архив – 2025» бағдарламасы аясында Қазақстан тарихымен байланысты 7-8 мыңнан астам құжаттың көшірмелеріне қол жеткізу үшін ҚР Орталық мемлекеттік архиві қызметкерлерінің ҚХР-дың бірінші тарихи архивіне іссапарын ұйымдастыру ұсынылды.

Сондай-ақ, 2023 жылы ҚХР-да Қазақстандық кино күндерін өткізу жоспарланған, оның шеңберінде 6 қазақстандық кинокартина көрсетіледі.

Ұлттық авиатасымалдаушы Қытайға тікелей әуе қатынасын қалпына келтіріп, оларды кеңейту бойынша жұмыс жасап жатқандығын атап өткен жөн. 2024 жылдан бастап ҚХР азаматтары үшін негізгі дестинациялардың бірі болу туралы міндет тұр.

Сонымен қатар, білім беру саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Бүгінгі таңда ҚР мен ҚХР ЖОО арасында 249 шарт жасалды, 20 халықаралық бірлескен жоба, бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламалар іске асырылады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігімен бірлесіп, University of Science and technology of China Қазақстандағы филиалын ашу бойынша келіссөздердің мүмкіндіктері талқыланып жатыр. Филиалдың орналасу нұсқаларының бірі ретінде Павлодар қаласындағы Торайғыров Университеті қарастырылып отыр.

Өз кезегінде, қытай тарапы екі ел арасындағы мәдени платформаның құрылуын жеделдетуді, сонымен қатар 2023 жылы қытай музыканты Сянь Синхайды, сондай-ақ қазақ композиторы Б.Байқадамовты еске алуға арналған тақырыптық концертті бірлесіп ұйымдастыруды және болашақта аталған концертті тұрақты негізде өткізуді ұсынды.