Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының Әлем құрамасына қарсы матчы: Мәдениет және спорт министрі матчтың ашылуына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының Әлем құрамасына қарсы матчы: Мәдениет және спорт министрі матчтың ашылуына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі

Асхат Оралов қазақстандық шахматшылар мен дүниежүзінің атақты спортшыларынан жасақталған «әлем құрамасы» арасындағы шахмат матчының ашылу салтанатына қатысты.

«Іс-шараға министрлік, Қазақстан шахмат федерациясымен бірге осы матчты ұйымдастыруға атсалысқан FIDE өкілдері қатысты. Ашылу салтанаты жеребе тартумен аяқталды. Жеребе нәтижесінде шахматшыларымыз қарсыластарының есімдерін білді.

19 сәуірге дейін өтетін ойындарға құрамында Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нурманова және Зарина Нұрғалиева бар еліміздің әйелдер құрамасы қатысады. Оларға қарсы қытайлық шахмат жұлдызы, 4 дүркін әлем чемпионы және FIDE рейтингінде №1 орында тұрған Хоу Ифань, сондай-ақ Нана Дзагнидзе (Грузия), Харика Дрюнавалли (Үндістан), Гюнай Мамедзаде (Әзірбайжан), Нургюль Салимова (Болгария), Жока Гаал (Венгрия), Шри Б. Савита (Үндістан) және Афруза Хамдамова (Өзбекстан) сынды атақшы шахматшылар ойнайды. Команда капитандары - гроссмейстер Гүлмира Дәулетова және гроссмейстер, Латвияның бұрынғы экономика министрі және осының алдындағы қаржы министрі Дана Рейзниеце-Озола.

Шахмат партиялары «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтеді. Бұл осы күндері Астанада өтіп жатқан шахматтан әлем чемпионаты аясындағы іс-шаралардың бірі. Аталған матч елімізбен қатар басқа елдердегі спорттың барлық жанкүйерлері үшін қызықты болады деп ойлаймын. Әсіресе, спортшылардың шеберлік деңгейін ескеретін болсақ тартысқа толы ойын болатыны анық.

Бұл еліміздегі осындай ауқымдағы соңғы іс-шара емес екеніне сенімдімін. Біз 2027 жылға дейінгі шахматты дамытудың кешенді жоспарын әзірледік. Оның шеңберінде республикалық және әлемнің ең үздік спортшыларының қатысуымен халықаралық турнирлер, сондай-ақ шеберлік сабақтар өткізу көзделген. Бұл ретте біз тек жоғары жетістіктер спортына ғана емес, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер шахматына да назар аударатын боламыз. Осылайша, еліміздің барлық өңірінде жаңа үйірмелер ашылып, шахмат спорты кезең-кезеңімен мектеп бағдарламасына факультатив түрінде енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы да елімізде аталған спорт түрін дамытуға белсенді қолдау көрсетуде.

Мен біздің құрамаға жоғары нәтижелі ойын көрсетіп, алдағы жарыстарда жарқын жеңіске жетулерін тілеймін. Ал қазақстандықтарды шахмат жұлдыздарын қолдап, жанкүйер болуға шақырамын»,- деп жазды министр өзінің Фейсбук парақшасында.