
ҚР Мәдениет және спорт министрі Қазақстан мен Польша құрамалары арасындағы Билли - Джин Кинг кубогының іріктеу матчына қатысты.
Алғашқы ойын күні біздің теннисші қыздар үшін сәтті өтті. Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина қарсыластарын жеңіп, Қазақстан құрамасын екі ұпай басымдықпен есепте алға шығарды.
Поляк теннисшілерін ұту оңай болған жоқ. Спортшыларымыз жеңіске жету үшін мінез танытып, нәтижесінде қарсыласқа бірде-бір сет бермей Астанадағы Ұлттық теннис орталығының трибуналарын толтырған көрермендерді қуанышқа бөледі.
Кездесу аяқталғаннан кейін мен қыздар құрамасымен кездесіп, алдағы ойындарға сәттілік тіледім.
Теннисшілерімізді қызу қолдаған жанкүйерлердің арасында балалар көп болғанын байқадым. Оларға кумирлерінің өнерін тамашалау ұмытылмас әсер сыйлағаны анық. Бүгінгі ойын оларды спортпен шұғылдануға ынталандыратынына сенімдімін.
Ертең спортшыларымыз әйелдер теннисіндегі басты командалық турнирге жолдама алу үшін күресті жалғастырады. Қыздарға сәттілік тілеймін және барлық спорт жанкүйерлерін отандастарымызды белсенді қолдауға шақырамын»,- деп жазды министр өзінің Фейсбук парақшасында.